Жалпақасар

Жылпақасар қалашығы (б.д. VI-VII ғғ.) – Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген археологиялық ескерткіш, ежелгі қала орны.
Орналасқан жері
Қызылорда облысы Қармақшы ауданы, Тұрмағанбет Ізтілеуов ауылынан солтүстік-батысқа қарай 10 км жерде орналасқан.
Зерттелуі мен сипаты
Теңіз деңгейінен биіктігі 107 м. Ескерткішті өткен ғасырдың 40-60-жылдары Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы (С.П. Толстов) ашып зерттеген, 70-жылдары Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы (Л.М. Левина) қайта зерттеген. 2005 жылы ҚР ҰҒА АИ ШРАЭ (Ж. Құрманқұлов) қайта зерттеп, географиялық координаттарын анықтады және суретке түсірді. Қалашық көп қырлы болып келген екі қабатты төбе іспетті. Бірінші қабаттың аумағы 300х250 м, биіктігі 8-10 м. Көлемі 100х60м, биіктігі 14,8 м болып келген екінші ярус біріншінің батыс бөлігінде орналасқан. Беткі қабаттан алынған қыш ыдыстар мен басқа да материалдар бұл жердің фортификациясын б.д. VI-VII ғасырларына жатқызуға мүмкіндік берді.