Shejire

Сарыбай би Айдосұлы

ТұлғаЖаңартылған: 14.09.2026

Сарыбай би Айдосұлы (1821, қазіргі Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қайназар өзенінің бойында – 1890) – қазақтардың қоқандықтарға қарсы ұлт-азаттық күресінде аты шыққан қазақ қолбасшысы, биі. Сарыбайдың әкесі Айдос, оның әкесі Пірімқұл да, Ыстыбай да (Жамбылдың арғы бабасы) бәрі шетінен ел қорғаған батыр, әрі шешен, би болып өткен.

Тарихи деректер

Сарыбай Айдосұлы – қазақтардың қоқандықтарға қарсы ұлт-азаттық күресінде аты шыққан қазақ қолбасшысы, биі. Ол Ұлы жүздің шапырашты тайпасы, екей руынан шыққан. 15 жасынан бастап қоқандықтармен болған қақтығыстарға қатысып, әскери тәжірибесі мен өзінің жауынгерлік өнерін жетілдіреді. Кейін оған батыр атағы беріліп, қоқандықтарға қарсы халық жасағын басқарады. 1850 жылдың аяғында Ресей империясы Орта Азия мен Оңтүстік Қазақстанды жаулап алу үшін Қазақстан мен Қырғызстан аумағындағы қоқан билеушілерін әскери күшпен ығыстыру саясатын жүргізе бастайды. 1860 жылы орыс әскері Шу даласына кіріп, одан кейін Әулиеата, Шымкент және Ташкенттегі қоқан бекіністерін басып алады. Сонымен қатар Қырғызстан аумағындағы Тоқмақ және Пішпектегі бекністерді алады. Шегінген қоқандықтар 1860 жылы қазан айында Верныйға шабуыл жасайды. Алатау округі және Ұлы жүздің приставы, майор Г.А. Колпаковскийдің бұйрығымен оларға қарсы Сарыбай бастаған қазақ жасағы аттанады. 1860 жылы қазан айында Ұзынағаш шайқасында қазақтар мен орыс әскерлері бірлесіп, қоқандықтарға қарсы соққы береді. Одақтастар қарсыластарын талқандап, шешуші жеңіске қол жеткізеді. Осы шайқаста әскерді шебер басқарғаны үшін Патшалық Ресей Сарыбайға патша әскерінің полковник атағын және "Святая Анна" алтын медалін береді. Сонымен қатар Алатау дуанының биі болып сайланады.

Сарыбай би мемориалдық кешені

Сарыбай би мемориалдық кешені Алматы облысы Жамбыл ауданы Қайназар ауылында орналасқан. Кешен өрнектелген аласа қоршаумен қоршалған. Ортасында Сарыбай биге бюст орнатылып, жанына қойылған кітап секілді жасалған гранит тастың бетіне дұға жазылған. Кесене қарапайым өзіндік архитектуралық сипатқа ие: аласа сфералы күмбезді ұстап тұрған үлкен төрт төртбұрышты пилон-бағаналар қазақтың ұлттық өрнегімен өрнектелген. Нысанның киелілігі Сарыбай бидің қоқандықтарға қарсы соғыста көрсеткен ерлігімен байланыстырылады. Сарыбай би мемориалдық кешені Алматы облысының жергілікті маңызы бар тарихи және монументалды өнер ескерткіші болып табылады.

Халық ауыз аңыздары

Халық аузындағы аңыздарда Сарыбай би әділ және байсалды адам болған. Ел арасындағы "Сабыр түбі – сары алтын" нақылы Сарыбайдың сөзі болып есептеледі. Билік жүргізуімен қатар керемет шешен болған. Алатау дуанының биі ретінде көптеген даулы мәселелерді бейбіт жолмен шешіп отырғандықтан, болыстар мен қырғыз рулары арасында құрметке ие болған.

Шешендігі

Жаздың бір күндері қазақ, қырғыз Сусамыр жайлауын жайлап отырғанда Шәбден манап қасында отырған Сарыбай биге қарап: – Қартайған адамның неше түрі болады? - деп, төтеннен сұрақ қойыпты. Сарыбай ойланбастан: – Қартайған адамның үш түрі болады - депді. Шәбден манап: – Қане, ол үш түрің қандай? - дегенде, Сарыбай: – Қарт адам не дана, не бала, не шала болады, - дейді – Қане, оны өлеңдетіп айтып берші? Сонда Сары би өлеңдетіп: Еліне қадірі болса, Дана емей немене? Өсек-аяң тасыса, Шала емей немене? Алжып елден қашса, Бала емей немене? Бұл жауапқа Шәбден риза болыпты да: – Сарыеке, сізді дуалы ауызды көсем, төтеннен сөз табатын шешен деуші еді жұрт, рас екен ғой. Кешелі бері бұған көзім жетті. Әй, жігіттер, қайдасыңдар! Мына Сарыбайға ат, шапан сыйлаңдар, алдына бір үйір жылқы салып беріңдер! - деген екен дейді.

Нақыл сөздері

"Мұңайғанға мұң бар, Жылағанда сыр бар". "Түйеден жығылсаң шудасын төсейді, Есіктен жығылсаң тұяғын төсейді". "Күндес қатын-керіс, Мұңдас жақын-өріс". "Алты бала тапқан ананы, Алпамса деңіз". "Екі сөйлеген қарияның қадірі кетеді, Жетімді жетім деп қорлама, Ол да бір күні жетілер. Бай бай деп бұлдама, Ол да бір күн өкінер"...

Дереккөздер

Шежіредегі орны

Мәліметтер

тұлға
Сарыбай би Айдосұлы
Ұлты
Қазақ
Әкесі
Айдос Пірімқұлұлы
Қызметі
Би
Туған күні
1821 (1821)
Қайтыс болған жері
Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қайназар өзенінің бойы
Қайтыс болған күні
1890 (1890)