Shejire

Қазақстандағы 2020 жылғы коронавирус пандемиясы

ТарихЖаңартылған: 15.09.2026

Қазақстандағы COVID-19 пандемиясы 2020 жылы 13 наурызда Астана және Алматы қалаларында бұл індетті жұқтырған адамдар анықталған сәттен бастау алды. 3 сәуірге дейін COVID-19 елдің барлық аймағына таралып үлгерді. Оқиға бойынша жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды.

Індет барысы

10 наурызда БАҚ өкілдерімен болған конференцияда елдің бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин COVID-19 індеті Қазақстанда 11—16 наурыз аралығында пайда болуы мүмкін деген болжамды жариялады. «Коронавирус әйтеуір біздің елде пайда болуы мүмкін» — деген сөзімен есте қалған Бекшин 20 наурызда қызметінен босатылды. 13 наурыз күні Алматы қаласында коронавирусты жұқтырған алғашқы адамдар анықталды. Германиядан ұшып келген екі Қазақстан азаматы — 1974 жылғы ер адам мен 1984 жылғы әйел адамнан COVID-19 табылды. Олардың біреуі елге 10 наурызда, екіншісі 12 наурызда ұшып келгені мәлім болды. 13 наурыз күні тағы да бір жағдай расталды — Мәскеу арқылы Миланнан (Италия) Астана қаласына ұшып келген әйел азаматтан коронавирус індеті анықталғаны белгілі болды.

Көп ұзамай COVID-19 Қазақстанның басқа аймақтарынан да табыла бастады. 20 наурызда коронавирус жұқтырған адам Қарағандыда, 21 наурызда — Алматы облысының Қарасай ауданында, 22 наурызда — Ақтөбе облысында, 24 наурызда — Шымкент қаласында, Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстарында, 27 наурызда — Ақмола, Атырау, Павлодар және Маңғыстау облыстарында, 28 наурызда — Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында, 29 наурызда — Батыс Қазақстан облысында, 31 наурыз күні — Түркістан облысында анықталды. Біраз уақытқа дейін Қостанай облысы бірде-бір ауру жұқтырған адам анықталмаған жалғыз аймақ болды. Бұл жағдай 3 сәуірге дейін созылды. Елде бірінші жағдай тіркелгеннен кейін 21 күн өткен соң Тобыл қаласындағы карантинды ауруханада жатқан 1991 жылғы Қостанай тұрғынынан COVID-19 анықталды. Ол әйелдің 23 наурыз күні мысырлық Шарм-эш-Шейх курортынан Алматыға ұшып келгені белгілі болды. 15 наурызда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел аумағында төтенше жағдай енгізу туралы жарлыққа қол қойды. Төтенше жағдай 16 наурыз сағат 8:00 бастап 15 сәуір сағат 7:00 дейін созылады деп шешілді. 19 наурызда Астана және Алматы қалаларында карантин енгізіліп, адамдардың бұл қалалардан шығуы мен кіруі шектелді. Үлкен сауда орындары жабылып, тек азық-түлік дүкендері мен дәріханалар өз жұмысын жалғастыруға мүмкіндік алды. 22 наурыздан бастап аталған қалалардан шығатын жолдар толығымен жабылды, әуе және теміржол қозғалысы тоқтатылды. 26 наурызда Астана және Алматы қалаларында екі пациенттің бұл індеттен сауыққаны белгілі болды. Сол күні елордада 64 жасар Қосшы ауылының (Ақмола облысы) тұрғыны коронавирустан Қазақстанда алғашқы болып қаза тапқаны туралы мәлімет жарияланды. Осы күнге дейін (28 мамыр) елімізде 4768 адам бұл аурудан сауығып, қаза тапқандардың саны 37 жетті. 10 сәуірде Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысы өтті. Бұл отырыстың нәтижесінде Қазақстандағы төтенше жағдай режимі сәуір айының аяғына дейін созу туралы шешім қабылданды. 13 сәуір күні Қазақстанда коронавирус індетін жұқтырған адамдардың саны 1 мыңнан асты. 22 сәуірде бұл көрсеткіш 2 мыңға, 28 сәуірде — 3 мыңға, 4 мамырда — 4 мыңға, 10 мамырда — 5 мыңға, 17 мамырда — 6 мыңға, 21 мамырда — 7 мыңға, 24 мамырда — 8 мыңға, 27 мамырда — 9 мыңға жетті. Астана және Алматы қалалары мен Атырау облысы статистикада көш бастап тұр — оларға тіркелген жағдайлардың 50 % астамы тиесілі. Ресми деректерге сәйкес, аурудан сауыққандардың саны 4768 жетті (28 мамыр). Олардың дені (50 % жуық) Астана және Алматы қалаларында емделген науқастар. 27 сәуір күні Қасым-Жомарт Тоқаевтың төтенше жағдайдың мерзімін ұзарту туралы мәлімдемесі жарияланды. Президент шығарған жаңа жарлыққа сәйкес, Қазақстанда 16 наурызда басталған Төтенше жағдай режимі 11 мамырға дейін созылатын болды. Карантин режимін біртіндеп жеңілдету туралы шешім қабылданды. Елдегі жағдайдың тұрақтанунын байланысты 1 мамырдан бастап Астана мен Алматы қалалары арасындағы әуе қатынасы жанданатын болды.

Түсініктемелер

Дереккөздер

Сілтемелер

coronavirus2020.kz Мұрағатталған 31 наурыздың 2020 жылы. — Қазақстандағы коронавирус пандемиясы туралы ресми ақпарат (COVID-19) Коронавирустық инфекция туралы ақпарат — Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі

Мәліметтер

Дата
13 наурыз 2020 жылдан бастап (6 жыл, 6 ай, )
Орны
Қазақстанның барлық аймағына таралды
Түрі
Жаңа коронавирус індеті
Себебі
SARS-CoV-2
Сондай-ақ белгілі
Коронавирус