Өрнек қала орны

Өрнек қала орны – Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген көне қала орны.
Орналасқан жері
Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданы, Өрнек ауылынан оңтүстікке қарай 6 км қашықтықта, Сұлутөр шатқалынан шығатын Алтынсу мен Шұбырынды өзендерінің жағасында орналасқан.
Зерттелуі
1985-86 жылдары К.М. Байпақов жетекшілік еткен экспедиция зерттеу жұмыстарын жүргізген.
Сипаты
Өрнек қаласының орталық бөлігі аумағы 155×160 м болатын төрт бұрыш пішінді, жан-жағы дуалдармен қоршалған. Қоршаудың қазіргі қиранды үйіндісінің биіктігі 5 м-ге, ені 11 – 15 м-ге жетеді. Қоршаудың бойында 31 күзет мұнараларының орындары сақталып қалған. Қазба жұмыстары Өрнектің 8 – 12 ғасырда гүлденген қала болғанын көрсетеді. Қазба жұмыстары барысында тастан безендіріліп жасалған 4 колонна табылды. Мықты бекіністің, мешіттің, әсем сарайдың орындары табылуы Өрнектің кезінде жоғары дамыған қалалар қатарына жататындығын айғақтайды. Ортағасырлық географтар – Ибн Хордадбек пен Құдама Тараз бен Құлан арасында Касриабас, Күлшуб, Жулшүб деген қалалардың болғанын жазып қалдырған. Осындағы Күлшуб қаласы Өрнек болса керек.
Мәртебесі
2014 жылы Өрнек қалашығы «Жібек жолының ескерткіштері: Тянь-Шань дәлізі» аталымы бойынша ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра тізіміне қосылды. 2017 жылы Өрнек республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілді.