Shejire

Лаошан

ТұлғаЖаңартылған: 14.09.2026

Лаошан (қыт. 老上, пінин: Lǎoshàng; туған кездегі есімі — Цзичжу; туған жылы белгісіз — б.з.д. 161 немесе 160 жылы қайтыс болған) — б.з.д. 174–161 жылдары билік еткен біртұтас Ғұн саяси бірлестігінің тәңірқұты (шаньюйі). Ұлы қолбасшы Мөде тәңірқұтының ұлы әрі заңды мұрагері. Лаошан әкесінің сыртқы саясатын табысты жалғастырып, Юэчжэй тайпаларын тас-талқан етті, мемлекеттік шекараны бекітіп, Қытайдан қашқан саясаткерлердің көмегімен алғашқы шенеуніктер аппаратын құрды. Еркін сауда жасау құқығына қол жеткізу мақсатында екінші Ғұн-Қытай соғысын бастап, б.з.д. 162 жылы мемлекетке тиімді бейбітшілік келісіміне қол жеткізді.

Билікке келуі және ішкі реформалары

Таққа отырғаннан кейін «бейбітшілік пен туыстық» келісіміне сәйкес Лаошан Қытайдың Хан әулетінен ханшайымды әйелдікке алуы керек болды. Хан императоры Вэнь-ди ханшайыммен бірге Янь князьдігінен шыққан Чжунсин Юэ (Zhongxing Yue) есімді евнухты (сарай қызметшісін) бірге аттандырады. Бастапқыда көшпенділер даласына барудан қорыққан Чжунсин Юэ кейіннен Лаошанмен жақын дос болып, оның ең басты кеңесшісіне айналды. Зерек саясаткер Чжунсин Юэ шаньюйге Қытайдың мәдени және экономикалық экспансиясынан сақтану керектігін айтып, мынадай кеңес береді:

Чжунсин Юэнің көмегімен Лаошан ғұндар арасында тұрақты салық жүйесін енгізді, қытай тілінде есеп-қисап кітаптарын жүргізе бастады және Хан императорының сарайына жіберілетін ресми хаттардың стилін дипломатиялық деңгейге көтерді. Ғалымдардың пайымдауынша, бұл реформалар көшпенді империяның мемлекеттік аппаратын алғашқы рет орталықтандыруға мүмкіндік берді.

Екінші Ғұн-Қытай соғысы (б.з.д. 166 ж.)

б.з.д. 166 жылы Лаошан өз әскерінің толықтай күшейгеніне көз жеткізіп, 140 000 атты әскермен Хан империясының шекарасындағы Чаона (қазіргі Ганьсудегі Пинлянның солтүстігі) қаласы мен Сяогуань заставасына тұтқиылдан шабуыл жасады. Ғұндар Цюн аймағының әскери қолбасшысы Сунь Сяогуаньді өлтіріп, көптеген адамдарды тұтқындады және орасан зор мал мен мүлікті олжалады. Ғұндардың озық атты әскер жасақтары Пинъян қаласына жетіп, Хуэй Чжуйгун сарайын өртеп жіберді. Тіпті көшпенділердің алдыңғы шептегі барлаушылары Қытайдың бас астанасы Чанъаньнан небәрі 35 шақырым жердегі Ганьцюаньгун сарайының маңынан көрінді. Қатты шошынған Вэнь-ди император шұғыл түрде 1 000 соғыс күймесін, 100 000 атты әскер мен үш пехота корпусын Шанцзюнь, Бэйди, Лунси аймақтарына жинақтады. Алайда Лаошан шаньюй бірде-бір сарбазын жоғалтпастан, бір айдың ішінде олжамен бірге Гоби шөліне қайта шегініп кетті.

Бейбітшілік келісімі және соңғы жылдары

Осы ірі жеңістен кейін ғұн жасақтары Ляодун, Юньчжун және Дайцзюнь қалаларына тұрақты түрде 10 000 қолмен шабуыл жасап, шекараны мазалады. Тығырыққа тіреліп, шығынға батқан Хан императоры б.з.д. 162 жылы ресми түрде келіссөздер бастауға мәжбүр болды. Императордың шаньюйге жолдаған ресми хатында Хань мен Ғұн мемлекеттерінің «тең құқылы ағалы-інілі бауёрлас ел» екендігі мойындалды. Соғыстың мағынасыздығы айтылып, ғұндарға тұрақты түрде тары, күріш, парча, жібек мата және мақтадан жасалған бұйымдар жіберіліп тұратын болды. Сондай-ақ Қытайдан қашқан босқындар мен саясаткерлерді қайтару талап етілмеді, бірақ шекараны рұқсатсыз өткендерге өлім жазасы белгіленді. Лаошан бұл тиімді шарттарды қабылдап, шекарада еркін сауда аймақтары ашылды. Лаошан шаньюй б.з.д. 161 (немесе 160) жылы қайтыс болды. Оның орнына таққа ұлы Гюнчен (Junchen) отырды.

Тағы қараңыз

Ғұндар Мөде қаған Гюнчен

Дереккөздер

Дереккөз: https://kk.wikipedia.org/wiki/Лаошан

Бұл мәтін көрсетілген дереккөзден бейімделген; CC BY-SA лицензиясы бойынша пайдаланылады.

Шежіредегі орны

Мәліметтер

тұлға
Лаошан
Діні
Тәңіршілдік
Әкесі
Мөде тәңірқұты
Жұбайы
Хань әулетінің ханшайымы
Ізашары
Мөде тәңірқұты
Шайқасы
Екінші Ғұн-Қытай соғысы, Юэчжэй жорықтары
Ізбасары
Гюнчен
Балалары
Гюнчен, Ичижэ
Династия
Луаньди (Ғұн шаньюйлерінің әулеті)