Көшербаев Беделбай
Беделбай Көшербаев (12.10.1939, Семей облысы, Абыралы ауданы, Тайлан ауылы - 1976) - экономика ғылымдарының кандидаты.
Қызмет жолы
1958 жыл - Абай атындағы орта мектепті бітіріп, Мәскеу полиграфия институтына түскен. 1963 жыл - Алматыдағы №2 баспахананың жоспарлау бөлім бастығы, қоғамдық істерге де белсене қатысқан, Фрунзе аудандық Комсомол комитетінің бюро мүшесі, Фрунзе аудандық партия комитеті жанындағы «Техника-эконом» кеңесінің мүшесі. 1967 жыл - Мәскеу полиграфия институтының аспиранты. 1970 жыл - институттың ғылыми кеңесі, оған экономика ғылымының кандидаты дәрежесін береді, сөйтіп Орта Азия мен Қазақстанда полиграфия саласында тұңғыш кандидат атанды. 1971 жыл - Көшербаев Беделбай Баспа, полиграфия және кітап саудасы жөніндегі комитетінің жоспарлау–қаржы бөлімін басқарады. 1972 жыл - Орталық комитетінің газет-журнал баспасына директордың экономика-қаржы жөніндегі орынбасары болды. Қазақ ұлттық университетінде 1972-1974 оқу жылдарында философия-политэкономика факультетінде студенттерге дәріс берді. Мәскеу полиграфия институтының күндізгі бөлімі, Алматыдағы филиалының сырттай оқитын бөлімдеріндегі дипломдық жұмыстарға жетекшілік етті.
Ғылыми еңбектері
Ғылыми еңбектері: «Полиграфия», «Народное хозяйство Казахстана», «Сельское хозяйство Казахстана», «Білім және еңбек», «Қазақстан ауыл шаруашылығы» басылымдарында шыққан.
«Полиграфияда машинамен және қолмен атқарылатын операциялардың нормативтік мәселелері» деген монографиясы шықты және көптеген ғылыми мақалалар жазды.