Елхан
Елхан (түркіше: Ілхан, мыңқолша: Il qan) — түркі және мыңқол халықтарындағы жоғарғы билеушілердің титулы. Алғаш рет дереккөздерде 552 жылы Түрік қағанатының негізін қалаушы Бумын қағанның титулы ретінде кездеседі. Тарихтағы ең белгілі елхандар — XIII–XIV ғасырларда Таяу Шығыста билік құрған Елхан мемлекетінің (Хулагу әулетінің) билеушілері. Титул түркі тіліндегі ел (немесе іл, «халық», «мемлекет», «ел») және хан сөздерінен құралған. Сөзбе сөз мағынасы — «халықтардың билеушісі» немесе «елдің ханы».
Ел/іл ұғымы
Ежелгі түркі сөздіктерінде ел (el) сөзіне бірнеше мағына беріледі: тайпалық одақ, халық және мемлекет немесе әкімшілік бірлік. Түркітанушы С. Л. Волин бұл ұғымды «халық», «тайпа», сондай-ақ белгілі бір билеушіге бағынған жұрт ретінде түсіндіреді. И. Н. Березин, Василий Радлов, Василий Бартольд, П. М. Мелиоранский, Вильгельм Томсен және Фридрих Хирт сияқты зерттеушілер ел/іл терминін «мемлекет» немесе «халық» мағынасында қарастырған. Лев Гумилевтің пікірінше, Түрік қағанаты дәуірінде ел ұғымы жаулап алушылардың әскери ұйымы мен бағындырылған тайпалардың дәстүрлі қоғамдық құрылымының бірлігін білдірген. Ол мұны тайпалардың ерікті одағы мағынасындағы гур (құр) терминіне қарама-қарсы қояды. Тарихшы С. В. Киселёв болса, ел ұғымын бодун («халық») терминімен теңестірмейді. Оның пікірінше, кең мағынада ел — қаған басқаратын дала ақсүйектерінің саяси ұйымы, кейіннен мемлекетке айналған құрылым. Ал тар мағынада ол белгілі бір халықтың ақсүйек әулетін білдіреді.