Shejire

Алмату

ТарихЖаңартылған: 15.09.2026

Алмату — орта ғасырлардағы қала орны. Қазіргі Алматы қаласы тұрған жерде орналасқан. Алматудан қалған ескерткіштер 20 ғ-дың 40 — 50 жылдарына дейін сақталған. Оларды алғаш 1938 ж. өлкетанушы Б. Н. Дублицкий зерттеген. “Тау қыратындағы” (“Горный гигант”) қазба жұмысы жүргізілген төбе үстіне кейін үйлер тұрғызылған. Төбенің көлемі 140х150, солтүстік-батыс қабырғасынан тік бұрышты алаңша (85х40 м) қосылған. Биіктігі 0,5-0,7 м келетін қабырғамен қоршалған, бұрыштарында дөңгелек мұнаралары болған. Үстінен жиналған ыдыс сынықтары 10-12 ғасырға жатады. Осындай құрылыс орны Ботаника бағының орнында да болған. Ол жерден 1969 ж. бірнеше құмыралардан, сырлы сапты аяқтардан және үлкен хумнан тұратын көмбе табылды. Табылған ыдыстар 11-12 ғасырға жатады. Шекарашылар мектебінің терр-нда жүргізілген құрылыс жұмыстары кезінде орта ғасыр ұстаханасының орны ашылған. Әр жылдардағы қазба жұмыстары кезінде Шағатай мемлекетінде 1271 ж. Масуд бек реформасынан кейін соғылған теңгелер табылған. Бір бетіне соғылған жерінің аты көрсетілген. Бұның бәрі Алмату 10-14 ғ. аралығындағы ірі қала орны болғанын дәлелдейді.

Дереккөздер

Дереккөз: https://kk.wikipedia.org/wiki/Алмату

Бұл мәтін көрсетілген дереккөзден бейімделген; CC BY-SA лицензиясы бойынша пайдаланылады.