Тана (Тана мырза) Тілеміс ұлы
Bu makalenin seçtiğin dilde çevirisi yok — ana dildeki sürüm gösteriliyor.
Тана мырза Тілемісұлы (1803–1868) — болыс, ел билеушісі, Құнанбайдың замандасы, құдасы. Тананың әкесі Тілеміс Байжігіт-Мұрын елінің атақты биі болған. Найман тайпасы Қаракерей руы Мұрыннан шыққан. Оның немере қызы Тектіге Құнанбайдың баласы Ысқақ үйленген. Одан Кәкітай туған. Тана Мұрын еліне, Құнанбай Тобықты еліне бір жылда (1844) болыс болып сайланған. Тана мырза Лепсі аймағының Шұбар ағаш деген жерінде орыс-қытай шекарасы туралы комиссияның мүшесі ретінде (1858) құжатқа қол қойған. Оған поручик (1868) шені берілген. Тана мырза Ертіс өзеніне таяу жердегі Көкпектіде мешіт салдырған. Мешіттің ашылу тойына Құнанбайды да шақырған. Сол тойға Құнанбай Абайды да ертіп барды деген деректер бар. Абай ел басқару ісінде Тана мырзаның тәжірибесін пайдаланған.
Өмірбаяны
Тана Тілемісұлы - ел ішінде Тана мырза деген атпен мәлім атақты мырза әрі би. 1803 жылы қазіргі Абай облысы, Ақсуат өңірінде дүниеге келген. Жасынан мұсылманша сауат ашқан ол ел билігіне ерте араласқан. 1842 жылы Мұрын-Назар болысының басқарушысы болған. Тана мырза салдырған елдегі алғашқы білім ордасы "Ақ мектеп" орны әлі күнге дейін бар. Өзі билік жүргізген елде суармалы жерлерге егін ектірген, елді өнер-білімге баулып, мешіттер салдырған. 1849 жылы Көкпекті округіне ғылыми зерттеумен келген инженер А.Влангалидің, 1863 жылы К.Струве мен Г.Потаниннің экспедициясына қатысып, жолбасшы болған. Бұл жөнінде осы аталған ғалымдардың жолжазбаларында айтылады. Патша өкіметінен поручик шенін алып, Анна лентасымен марапатталған. 1868 жылы осы өңірде, Сұлутал ауылының маңында қайтыс болған. Көкпекті ауданының орталығы Көкпекті ауылында Тана мырзаның атында мешіт бар. Абай облысы Ақсуат ауданындағы бір ауыл қазір Тана мырза ауылы деп аталады.