Shejire

Виктор Николаевич Белослюдов

KişiGüncelleme: 14.09.2026

Bu makalenin seçtiğin dilde çevirisi yok — ana dildeki sürüm gösteriliyor.

Виктор Николаевич Белослюдов (13.02.1883-23.03.1916) - суретші, өлкетанушы, этнограф. Семей қаласында туған. Ерте жасында әкесінен айырылып, төрт ағайындының барлығын анасы Варвара Васильевна тәрбиелеп өсірді. Ол өз өмірін түгелдей ұлдарына арнап, барлығына сапалы білім беруге күш салды. 1891 жылдың күзінде Виктор Белослюдов бес сыныптық қалалық училищеге қабылданып, онда өте жақсы оқыды. Жастайынан сурет салуға ерекше қызығушылық танытты. Көбіне ол сағаттап альбомын алып, Ертіс өзенінің жағасында – қамыс басқан қойнауларда, тал мен терек өскен тоғайларда сурет салатын. Оның өзіндік мәнері ерте байқалып, балалық шағындағы туындылары Париж көрмесіне жіберілді, кейін Бүкілресейлік және Қазан вернисаждарында да көрсетілді. Семей ерлер гимназиясының мұғалімдері Викторға көркемсурет училищесіне түсуге кеңес берді. Отбасының келісімін алып, 1899 жылы Виктор Белослюдов Мәскеудегі Строганов көркемсурет училищесіне оқуға түсті. 1906 жылы Строганов училищесін бітірген соң Виктор Белослюдов Семейге оралып, қарапайым халық балаларына арналған бастауыш мектепте мұғалім болды. Ол сурет, сызу, көркем жазу, графика пәндерінен сабақ берді. Оның кейбір шәкірттерінің жұмыстары Омбы қаласында өткен алғашқы Батыс Сібір көрмесіне қойылды. Виктор Николаевич оқушыларымен бірге Рудный Алтайға сапар жасап, Алтай тауларының асқақ сұлулығын өз полотноларына түсіруге тырысты. В. Н. Белослюдов Орыс географиялық қоғамының Семей бөлімшесінің және облыстық тарихи-өлкетану музейінің жұмысына белсене қатысты. 1914 жылы Семей қаласының қысқаша тарихи очеркін жазып, ол қолжазба бүгінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасының қолжазбалар қорында сақтаулы. Омбы, Иркутск, Томск қалаларында өткен сібір суретшілерінің көрмелеріне қатысып, оның картиналары көпшіліктің назарын аударды. Ол «Семей», «Киіз үй», «Қазақ қызы», «Түйе», «Қымыз ұстаған қазақтар», «Шаруа диірмені» атты картиналардың, сондай-ақ «Томск», «Ескі Семей», «Су тасушы», «Шай үстінде», «Жылқы табыны», «Қалалық көше» секілді этюдтердің және қазақ ертегілері мен халық эпосына арналған көптеген суреттер сериясының авторы. Ол Семей өлкесін терең зерттеп, тарихи-этнографиялық мәні бар экспонаттар жинап, бауырлары Николай, Федорлармен бірігіп, өз қаржыларына музей ашқан. Музей қорында: геология мен минералогия және антропология, б. з. б. археология, ерте заманғы киім үлгілері, кітаптар мен қолжазбалар қоры, нумизматика-этногр. бөлімдері болды. Б. з. б. археология бөлімінде 600-ден астам экспонат болса, нумизматика бөлімінде мыңнан аса алтын, күміс, жез тиындар мен теңгелер, этнография бөлімінде қазақтардың, сарттардың, татарлардың әр түрлі киім-кешектері, ою-өрнектері т. б. жинақталды. Музейде барлығы 4 мыңдай экспонат болған. 1903 жылы «Біздің отанымыздың географиялық сипаттамасы» аталатын көп томды еңбектің «Қырғыз өлкесі» деп аталатын 18-кітабы жарық көреді. Бірақ кітап Белослюдовтың қолына 2 жылдан соң тиген. Белослюдов Абай туралы алғаш рет осы кітаптан оқып біледі. Кітаптың өзіне таныс этнограф-ғалым А. Н. Сидельников жазған бөлімдерінен Абай Құнанбаевтың жаңа бағыттағы әдебиеттің өкілі, А. С. Пушкиннің «Евгений Онегинінен» «Татьянаның хатын» аударғанын біледі. Кітап Белослюдовтар отбасына қатты әсер етіп, содан бастап Абай шығармашылығына ерекше мән бере қарайды. «...Абай Құнанбаев өлеңдерін аудару және оған иллюстрация жасау жөнінде не айтарымды білмей отырмын. Егер сәл ғана бос уақыт болса, және де сен, мен, Алеша үшеуміз бірге болсақ, мұның бәрін жүзеге асыруға болар еді», - деп жазады Виктор Николайға 1913 жылы 29 желтоқсандағы хатында. 1914 жылы 6 қаңтарда: «...Құнанбаев өлеңдерін аудару жөніңде саған не айтсам екен. Сауатты қырғыз (қазақ) жоқ деймісің, әрине, бар. Тек оны тауып, жақсылап жегу керек, бірақ оны қолға алатын ешкім жоқ», - деп жазды. Белослюдов тек суретші ғана емес, Семей өлкесін зерттеуші ғалым да. Семейдің құрылғанына 200 жыл толуы жөнінде жазған тарихи очеркі өзі дүниеден өткен соң 1918 жылы «Семипалатинский край» газетінде жарияланған. Тарих, әдебиет салаларын зерттей отырып, қазақ әдебиеті классигінің өлеңдерін орысшаға аударуға алғашқы қадам жасаған Белослюдов еді. Белослюдов осы іске жақындарын жұмылдырып, жер-жерге хаттар жазып, жақсы аудармашылар іздеген. Белослюдов 1916 жылы қаңтарда әскер қатарына шақырылады. Барнауыл қаласында қызмет етіп жүріп, ауырып 33 жасында қайтыс болады. Сүйегі Семей қаласына әкелініп, жерленеді.

Дереккөздер

Soy ağacındaki yeri