Shejire

Асқар Ислямов

KişiGüncelleme: 14.09.2026

Bu makalenin seçtiğin dilde çevirisi yok — ana dildeki sürüm gösteriliyor.

Асқар Жұмағұлұлы Ислямов — қазақстандық педагог және өлкетанушы.
Zhalgas Askarov · CC BY-SA 4.0

Асқар Жұмағұлұлы Ислямов (4 наурыз 1928 — 30 қазан 2001) — қазақстандық педагог, мектеп директоры, өлкетанушы, Шығыс Қазақстан топонимикасына арналған оқу-әдістемелік еңбектердің авторы; Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұғалімі, Қазақ КСР және КСРО халық ағарту ісінің үздігі.

Өмірбаяны

1928 жылғы 4 наурызда Ақсуат ауданына қарасты Қызылкесік кеңшарында дүниеге келген. 1947–1950 жылдары Семейдегі мұғалімдер техникумында оқыды. 1952 жылы Өскемендегі мұғалімдер институтын, 1962 жылы Алматыдағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын тәмамдады.

Педагогикалық қызметі

Еңбек жолын Жанғызтал ауылындағы жетіжылдық мектепте бастады. Кейін Ақжар ауылындағы Абай орта мектебінде мұғалім, директордың орынбасары қызметін атқарды. Оқушыларға арналған өлкетану экспедицияларын және туристік жорықтарды ұйымдастырды, жас өлкетанушылардың облыстық слёттеріне қатысты. 1970–1995 жылдары Жетіарал кеңшарындағы Ленин атындағы орта мектептің директоры болды.

Ғылыми-әдістемелік және өлкетану қызметі

Ислямов Шығыс Қазақстан топонимикасын зерттеп, өлкетану материалдарын оқу үдерісіне енгізумен айналысты. 45 жылдық педагогикалық қызметі барысында тәрбие әдістемесі мен өлкетану мәселелеріне қатысты елуге жуық еңбегі аудандық, облыстық және республикалық басылымдарда жарияланды. Ислямовтар педагогтер әулеті туралы материалдар Мәскеудегі А. С. Макаренко мұражайы экспозициясына енгізілді. Негізгі авторлық еңбегі:

Шығыс Қазақстан топонимикасы : әдістемелік құрал. — Алматы: Эверо, 2003. — 112 б. Кейін еңбек өңделіп, үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) монография түрінде қайта басылды:

Шығыс Қазақстан топонимикасы : монография. — Өскемен: С. Аманжолов атындағы ШҚУ, «Берел», 2022. — 212 б.

Марапаттары

«Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұғалімі»; «КСРО халық ағарту ісінің үздігі»; «Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі»; «Еңбек ардагері» медалі; республикалық және облыстық деңгейдегі медальдар мен Құрмет грамоталары; мұғалімдер республикалық съездерінің және педагогикалық әулеттер съезінің (1987) делегаты.

Естелік

Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінде «Тәрбие жұмысының теориясы мен әдістемесі» атты атаулы кабинет ашылды, студенттерге Ислямов атындағы атаулы стипендия тағайындалды. 2023 жылдан бастап колледж педагогтері арасында республикалық деңгейде «А. Ислямов атындағы үздік педагогикалық эссе» байқауы өткізіледі.

Дереккөздер

Soy ağacındaki yeri

Künye

kişi
Асқар Ислямов
Туған жері
Абай облысыАқсуат ауданы (Қызылкесік кеңшары)
Туған күні
4 наурыз 1928 (1928-03-04)
Азаматтығы
 КСРО Қазақстан
Альма-матер
Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтыӨскемен педагогикалық институтыСемей мұғалімдер техникумы
Ғылыми аясы
педагогика · өлкетану
Марапаттары
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұғалімі
Қайтыс болған жері
Шығыс Қазақстан облысы
Қайтыс болған күні
30 қазан 2001 (2001-10-30) (73 жас)