Алексей Николаевич Белослюдов
Bu makalenin seçtiğin dilde çevirisi yok — ana dildeki sürüm gösteriliyor.
Алексей Николаевич Белослюдов (16.03.1887- 1939) - өлкетанушы, педагог. Алексей Николаевич Белослюдов 1887 жылы 16 наурызда Семей қаласында сібір казактарының кедей шенеунігінің отбасында дүниеге келген. Семей ерлер гимназиясының 7 сыныбын бітіріп, 1906 жылы заңсыз үйірме жұмыстарына қатысқаны үшін гимназиядан шығарылды. Осы кезеңде Алексей Николаевич өзін-өзі тәрбиелеумен белсенді айналысып, 1908 жылы бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша емтихан тапсырды. Алексей Николаевич өмір бойы өлкетанумен айналысқан. Гимназияда оқып жүрген кезінің өзінде-ақ Семей музейіне жиі барып, экспозицияларды рәсімдеуге және қор материалдарын жүйелеуге көмектескен. Кейін ол белгілі өлкетанушы Борис Герасимовпен танысып, одан өлкетану жұмысының қыр-сырын үйренеді. 1906 жылы ағаларымен бірге Семей қаласында кейін «Музей братьев Белослюдовых» деген атпен танымал болған үй музейін ашады. Ағайынды Белослюдовтар үлкен табандылықпен коллекция жинады. Семей маңынан көптеген археологиялық олжалар табылды: пышақтар, құмыралар, жебелер, әшекей бұйымдар, ежелгі монеталар. Жәдігерлердің маңыздылығы жағынан ағайынды Белослюдовтар музейі Семей қалалық музейінен кем түспеді. Музейде келесі бөлімдер құрылды: геология және минералогия, палеонтология және антропология, тарихқа дейінгі археология, ежелгі заттар (кітаптар мен қолжазбалар), нумизматика, этнография, сурет галереясы. Нумизматика бөлімі әсіресе бай болды — 1000-нан астам монетаны, ал тарихқа дейінгі археология бөлімі 600-ден астам жәдігерді қамтыды. Музей қорында жалпы саны 4000-нан астам экспонат болды. Музей қала тұрғындары арасында үлкен танымалдылыққа ие болды. Бірінші Батыс Сібір көрмесінде ағайынды Белослюдовтар музейі кіші күміс медальмен марапатталды. Материалдық мәдениет пен этнография ескерткіштерін жинау экспедициялық жұмыстармен тығыз байланысты болды. Алексей Николаевич бірнеше рет түрлі экспедицияларға қатысты. 1909 жылы ағайындылар Зайсан көліне этнографиялық экспедиция ұйымдастырды. 1910–1911 жылдардың жазында ол Өскемен және Зайсан өңірлеріндегі археологиялық экспедицияларға қатысты. Экспедицияны Ресей Ғылым академиясының Археология бөлімінің меңгерушісі В.И. Каменский басқарды. Экспедицияның мақсаты — осы кең аймақтағы барлық археологиялық ескерткіштерді еківерсталық картаға түсіру, шағын қорғандарды қазу, ескерткіштердегі ежелгі жазулардың эстамптарын алу және үңгірлерді зерттеу болды. Экспедиция құрамында Четыркин және жергілікті археолог Белослюдов болды. Қазақтың ауыз әдебиеті үлгілерін жинау, зерттеу жұмыстарын жүргізген. Абай шығармаларын орыс тіліне аудару мәселесіне белсене араласқан. 1914 жылы 10 наурызда Томск қаласындағы ағасы Николайға: «Құнанбаев өлеңдері туралы «Сібірмен» («Сибирский студент») келісіп қой, өлеңдер орысшаға аударылғаннан кейін, қырғыз (қазақ) поэзиясы туралы кішкентай мақала жазып, соған қосып жібер. Мақала жазған кезіңде қажет болып жатса, оларды өзің-ақ ұйқасқа түсіріп кер, мүмкін, бірдеңе шығар. Мен де сенен жақсы жаза алмаймын ғой. Бірақ, байқап көруге бармын. Егер өзің ештеңе істемесең, Витяға жібер», - деп жазды. Ал 1915 ж. Г. Н. Потанинге жазған бір хатында Семейдегі қазақ жастарының үйірмесі ұйымдасқанын, олар қазақтың халық фольклоры мен этнографиясын жинау ісімен шұғылданатынын, ол өзінің бірінші кезекте Абай Құнанбаев шығармаларын орысшаға аударуды міндетіне алып отырғанын айтады. Сол жылы «Сибирский студент» журналына қырғыз (қазақ) поэзиясы туралы мақала жариялайды. Сөйтіп, орыс халқын қазақ әдебиетімен, оның тамаша өкілдері - Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин шығармаларымен таныстыруды мақсат етеді. Ол Қ. Сәтбаевпен де жақын таныс болған. Оның еліне барып, Баянауылда халықтың әдеби мұрасын жинаған. А. В. Затаевичпен бірге жүріп, ел аралап, өлеңдер, әңгіме, жырлар жинасқан. М. Әуезов, Ә. Марғұлан, Қ. Сәтбаевтардың ақыл-кеңесімен қолында сақталып қалған әз архивін, бауырлары Виктор, Федор, Николайлардың да архивтері мен фотосурет, картиналарын Қазақстан Республикасы ҰҒА-сына еткізген.