Жетісу металлогения аймағы
Перевод этой статьи на выбранный язык отсутствует — показана версия на основном языке.
Жетісу металлогения аймағы - Қазақстанның оңтүстік бөлігін қамтиды. Солтүстігінде Балқаш, солтүстік-шығысында Алакөл, оңтүстік және оңтүстік-батысында Солтүстік Тянь-Шань, Қырғыз жоталарымен шектеледі.
Геологиялық құрылымы
Аймақ герцин дәуіріндегі тектоникалық қозғалыстар нәтижесінде қалыптасып, мезозойда Еуразия платформасының бір бөлігін құрады. Альпі дәуірінде тектоникалық қозғалыстардың әсерінен Тянь-Шань, Жоңғар Алатауы, Тарбағатай, Алтай, Саяқ таулары қалыптасты.
Кентастық белдемдері
Бұл өңірдегі кен орындар белдеуленіп орналасқан бірнеше кентастық белдемдерге бөлінеді:
ішкі Жоңғар — Балқаш белдемі (Сu, Аu); сыртқы Жоңғар — Балқаш белдемі (Cu, Рb, Zn); Көксу — Текелі белдемі (Рb, Zn, Аg); Оңтүстік Жоңғар белдемі (Рb, Zn, Аu, Сu); Іле сырты белдемі (Рb, Zn); Баянқол белдемі (Аu); Шу — Іле белдемі (Аu); Бетпақдала — Кіндіктас белдемі (Сu, Аu); Шу— Сарысу белдемі (Сu); Қырғыз белдемі. Кентасты белдемдер бір-бірінен тереңнен өтетін жарылыстармен бөлінген және олардың тектоникалық қалыптасуында өзгешеліктер бар.
Кен орындары
Шағын темір кендері Қаратау мен Талас тауының айналасындағы девон — төменгі таскөмір шөгінділерінде кездеседі. Саяқ, Жоңғар, Іле тауларында гематитті желілер, аздап ванадий, титан кентастары ұшырасады. Түсті металдар Саяқ, Кіндіктас, Талас, Жоңғар тауларында шоғырланған. Саяқта скарнды кен (Ірісу), Шатыркөлде халькопиритті кварц-карбонат желілері, Көксайда мысты порфирлі кен орындары, Жетісу (Жоңғар) Алатауында (Көксу-Текелі аймағы), Қаратауда (Мырғалымсай, Тұрлан) қорғасын мен мырыш, Іле Алатауы мен Кетпен (Ұзынқара) жоталарында (Шынасылсай, Тұйық) үлкенді-кішілі скарнды және метасоматозды кен орындары орналасқан. Жетісу металлогения аймағының жалпы металлогениясын анықтайтын металдар — қорғасын, мырыш, мыс, алтын, уран, сирек жер металдары. Басты өндірістік маңызы бар кен орындары: Текелі, Яблоневое, Бурылтас, Байжансай, Шалқия, Тұйық, Текес, Шатыркөл, Жайсаң.