Шмидт Мұсаұлы Айталиев
Перевод этой статьи на выбранный язык отсутствует — показана версия на основном языке.
Шмидт Мұсаұлы Айталиев (28.1.1935, Батыс Қазақстан облысы Орал қаласы – 22.6.2007, Алматы қаласы) – техника ғылымдарының докторы (1974), профессор (1980), ҚР Ғылымдар Академиясының академигі (1994). ҚР ғылымы мен техникасына еңбек сіңірген қайраткер (1995).
Өмірбаяны
ҚазМУ-ды (1957, қазіргі ҚазҰУ) бітірген. 1957–60 жылдары Орал педогогика институтының ассистенті 1960–76 жылдары және 1987–91 жылдары Қазақстан Ғылымдар Академиясының Математика және механика институтының ғылыми қызметкері. 1976–86 жылдары Сейсмология институты мен Механика және машинатану институтының кіші, аға ғылыми қызметкері, зертхана меңгерушісі болды. 1992–97 жылдары Атырау қаласындағы ҚР ҒА Батыс бөлімшесінің академик-хатшысы қызметін атқарды. 1997 жылдан ҚР Ғылымдар Академиясының физика-математика бөлімшесінің төрағасы.
Ғылыми жұмысы
«Напряженное состояние произвольно ориентированных горизонтальных выработок в слоистой толще» деген тақырыпта докторлық диссертациясын қорғады. Негізгі ғылыми еңбектері тау жыныстары механикасына арналған. Біртекті және әртекті анизотроптық серпімді-пластикалы тұтқыр массивтегі жер асты құрылыстарының статикалық және динамик. кернеу күйін, деформациялануын, қозғалуын, беріктілігі мен орнықтылығын зерттеген. Жер асты бекітпелерінің жаңа құралымдарын есептеу әдістерін жасады. 9–10 балдық жер сілкінісі кезіндегі болашақ Алматы метросының сейсмикалық орнықтылығын анықтады. Сондай-ақ терең мұнай-газ оқпанын бұрғылау динамикасының, көліктік құрылыс механикасының кейбір өзекті мәселелерін де зерттеді. Айталиев республикадағы жер асты құрылыстары механикасының ғылыми мектебін құрушылардың бірі.
Шығармалары
Конструирование и расчет набрызг-бетонной крепи, М., 1971 (соавт.); Сейсмонапряженное состояние подземных сооружений в анизотропном слоистом массиве, А.-А., 1980 (соавт.); Оптимальное проектирование протяженных подземных сооружений в анизотропном слоистом массиве, А.-А., 1986; Динамика тоннелей и подземных трубопроводов, А.-А., 1989.