Шоғы батыр Мұңалұлы
Bu makalenin seçtiğin dilde çevirisi yok — ana dildeki sürüm gösteriliyor.
Шоғы батыр Мұңалұлы (1667–1726) — Байұлы тайпасы Адай руынан шыққан айтулы батыр. Айтулы тұлға Баһадүр Бөкенбай мен Есет Көкіұлының замандасы. Қазақ халқының басқыншы қалмақ-жоңғарларға қарсы тұрған талай ұрыс алаңдарында көзге түскен Шоғы батыр бекінісі мықты, қорғанды қала саналатын Сауранды қайтарып алу үшін болған шешуші айқасқа қазақ әскерінің Бас батыры болып қол бастап, жеңіске жетіп, ұрыста өзі қатты жараланып, ерлікпен қаза тапқан. Шоғы Мұңалұлы «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» заманында үдере көшкен елдің қорғаны бола білген. 1725 жылы Әбілқайыр хан қазақтың бас қолбасшылығына сайланғанда бес жүз жауынгерден жасақталған әскерді басқаруды Шоғы батырға сеніп тапсырған. Ол Түркістан, Сауран қалаларын жаудан қорғауға жан аямай кірісті.
Өмірбаяны
Шоғы — заманы туғызған өр тұлға. Дүниеге келген уақытынан бастап-ақ қазақ жері талай оқиғаларды өткерді. Соны көріп өскен ол бала күнінен қару асынып, тайға мініп ел қорғайтын сарбаз болуға асықты. ХVIІ ғасырдың басында орыс патшалығының құрамында қалмақ хандығы пайда болды. Ресей империясы жауынгер халықты пайдаланып, шығыс жағындағы шекарасын күзеттіріп қоймай, көршілес қазақтың жерін, әрі қарай Орта Азияны жаулап алатын күш деп білді. Ресей патшалығынан қару алған қалмақтың Хо-өрлігі, Шүкір Дайшинның кезінде де, кейін олардың ізбасарлары болған Пинцуктың заманында да қазақ жеріне талай рет басып кіріп, үстемдігін көрсеткен. Міне, осыны көрген Шоғы ат жалын тартып мінгеннен бастап-ақ жат жұрттықтармен арпалысып өсті. Өмір ерте есейтті. Өзі көзімен көрген батырлардың намысты қолдан бермеу жолындағы өнегесін сезген ол ел үшін күресті, тартысты. Осылай қабырғасы ерте қатайып, бабалардың өр қасиетін бойына сіңіріп, қаумалаған қалың жаудан қорғануды басты мақсат етті. Туған елінің әр ауылындағы әр шаңырақтың зарын естімеу үшін бес қаруын сайлап, жаудың жағасынан алуды, кеткен кекті қайтаруды көкірегінде сақтады. Өзінің екі баласы Жолай мен Есекейді де өзімен бірге ертіп жүріп, шешуші ұрыстарға салып, баулыған.
Тама Есет пен Адай Шоғы
Қарттар айтқандай, Тама Есет батыр мен Шоғы Батыр түйедей құрдас және қимас дос болған. Есет батыр құрдас ретінде әзілдеп, Шоғыны «От қару» деп атаған. Талай қанды қырғын шайқастарда бірін-бірі қорғап жүрген көрінеді. Ал Әбілқайыр ханның жасы бұлардан кіші болған. Сондықтан да жауға аттанар алдында осы екі батырмен ақылдасып, кеңесіп отырған. Сондайда Есет батыр Әбілқайыр ханға: «Жоңғар қанша мықты, қанша көп болғанымен, біздің қырық нөкерлі «От қаруға» қарсы шабуға жүректері дауалай алмас», - дейді екен.
Шоғының Қырықмылтық атануы
Жан алып, жан беріскен сондай шайқастардың бірінде қазақ жасақтарының бір тұсын анталанған жаудың тықсырып бара жатқанын байқаған хан Әбілқайырдың қапелімде Шоғының аты есіне түспей қалып, әлгі қырық мылтықтылар қайда деп оларды майданның қиын шебінде тойтарыс беруді тапсырады. Шоғының сарбаздары садақ емес, мылтықпен қаруланса керек. Содан әлгі жерде дұшпанды лезде екіге бөліп тастап, ұмтылған жоңғардың бетін қайтарып, жеңіске зор үлес қосқаны туралы аңыз-әңгіме халық жадында қалған. Содан олар «Қырықмылтық» атанып кеткен екен дейді көне көз қариялар.
Шоғының Сауранды азат етуі
Шоғының Сауран қаласын азат етудегі ерлігі бір бөлек. Талай шайқастарда батыл қимылымен көрінген Шоғы батырға үлкен сенім артып, бес жүз жауынгерден құралған сарбаздардың майдан басшысы етіп тағайындаған. Осы шайқаста Әбілқайыр хан Шоғы батырға айрықша тапсырма берген дейді тарихшылар. Сәуір мен мизам айының арасындағы мезгілде әскери қимылдардың түрлі әрекетін жасаған Шоғы сарбаздары Сауранды азат етеді. Өзі де ауыр жараланады.
Жерленуі
Талай ерлігіне тәнті болған Әбілқайыр хан батырымен қимай қоштасып, Түркістандағы Яссауи зиратына жерлеуге шешім қабылдағаны белгілі.
Ұрпақтары
Адайдың ішінде Қырықмылтықтар негізінен Ырғыз, Қарасай, Жем, Сағыз бойларын, осы күнгі Бейнеудің Қарақалпақстанға шектесіп жатқан аумағын мекендеген. Сол жерлерде өмір сүрген, ұрпақ жайған.
Музей-көрмесі
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай облыста қазақ күресінен Шоғы батыр Мұңалұлы атындағы Батыс аймақтық турнирі ұйымдастырылған еді. Турнир қарсаңында Мұнайлы ауданында Шоғы Мұңалұлы атындағы орта мектеп алдында батыр рухына тағзым ету, ескерткішіне гүл қою рәсімі өтті және мектеп жанынан музей-көрме ашылды.