Қазақтың 200 әні
Bu makalenin seçtiğin dilde çevirisi yok — ana dildeki sürüm gösteriliyor.

Қазақтың 200 әні – музыкалы этнографиялық жинақ.
1972 жылы ҚазКСР ғылым академиясының М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты шығарған. Ел аузындағы музыкалық шығармаларды жинап, нотаға түсіріп, түсініктемелерін жазған Т. Бекхожина. Жинаққа бұрын баспа бетінде жарияланбаған эпикалық жырлардан үзінділер, халқымыздың көпшілікке беймәлім тұрмыс-салт әндері мен соғыс жылдарындағы туындылар, ауыл өміріне арналған шығармалар топтастырылған. Бұл халық қазынасын 1962 – 67 жылы аралығында Әдебиет және өнер институты ұйымдастырған ғылыми экспедиция тек Қазақстан аумағы ғана емес, Өзбекстанда, Ресейдің Орынбор, Астрахан облыстарында тұратын қазақтардан жазып алған. Кітаптан “Қобыланды батыр” жырының үш мақамымен, аужардың – екі, жар-жардың – бес, арыз өлеңнің – төрт, сыңсудың – сегіз, жоқтаудың – сегіз, әлди әні мен бала уатудың – алты нұсқасымен танысуға болады. Сол сияқты жергілікті әнші-сазгерлер
Мұхаметжанның “Назқоңыры” мен “Хиләуі”, Шөженің “Гәккуі” мен “Хаудыры” сияқты асыл мұралар, Жаманғұл, Нұреке, Сексенбай, Бердікей, Нияз, Сәлима, Қабылхан, Таңжарбай, Балуан Шолақ, Жақсыбайдың әндері тұңғыш рет нотаға түсірілген. Жинақтың екінші бөлімінде музыкалық шығармалардың қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндері, әндерді жаздырған корреспонденттер жайлы қысқаша мағлұматтар берілген. Кітап графикалық суреттермен безендірілген.