Қандыағаш
Bu makalenin seçtiğin dilde çevirisi yok — ana dildeki sürüm gösteriliyor.

Қандыағаш — Ақтөбе облысындағы қала, Мұғалжар ауданының әкімшілік орталығы. Қала өңірдің маңызды әлеуметтік-экономикалық және мәдени орталықтарының бірі болып саналады.
Географиялық орны
Облыс орталығы - Ақтөбе қаласынан оңтүстікке қарай 95,2 км Елек өзенінің бастауы Жарық өзеніне жақын жерде орналасқан. Қаланың шығысы және оңтүстігі Мұғалжар тауының аласа төбелері, батысы тік жазықты. Мал шаруашылығы мен егін шаруашылығына және бау-бақшаға қолайлы мекен.
Халқы
1999 жылы тұрғындар саны 25553 адам (12342 ер адам және 13211 әйел адам) болса, 2009 жылы 29169 адамды (14004 ер адам және 15165 әйел адам) құрады. 2021 жылғы санақ қорытындысы бойынша 34898 адамды (17054 ер адам және 17844 әйел адам) құрады. 2026 жылғы мәлімет бойынша Қандыағаш қаласының халқы 34 576 адамды құрайды. Оның ішінде 17 091-і ер адам, 17 485-і әйел адам.
Транспорты
Мәскеу — Ташкент және Атырау — Орск теміржол түйіcінде орналасқан. Үстінен Атырау-Ақтөбе тас жолы өтеді. Яғни, Солтүстігі Ақтөбеге, оңтүстігі Қызылордаға, шығысы Астанаға (Нұрсұлтан), батысы Атырауға бағытталған төрт тарапты теміржол торабы бар.
Қала тарихы
Қаланың атауы бірінші нұсқада «қандыағаш» атты ағашпен (өсімдік) байланыстырылса, екінші нұсқасы XVII-XVIII ғасырларда болған қазақ-қалмақ соғысында болған оқиғаға байланысты аталады. Қандыағаш төрт жолдың торабы. Республикалық маңызы бар теміржол торабы. Қандыағаш қаласының қалыптасу тарихы Орынбор-Ташкент теміржол магистралінің салынуымен байланысты. «Орынбор өлкесінің табиғат тарихы» атты еңбекте Батыс Қазақстан аумағын, соның ішінде қазіргі Мұғалжар ауданы жерін қамтыған теміржол құрылысы туралы мәліметтер келтіріледі. Осы деректерге сәйкес, қазіргі Қандыағаш қаласының негізін қалаған теміржол станциясы 1905-1907 жылдары Орынбор-Ташкент теміржол магистралінің құрылысы кезінде қалыптаса бастаған. Алғашында шағын теміржол бекеті ретінде пайда болған елді мекен кейін маңызды көлік және экономикалық тораптардың біріне айналды. Теміржолдың іске қосылуы солтүстік пен оңтүстік бағыттарды байланыстырып, елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етті. Қазіргі Мұғалжар ауданының аумағы әр кезеңде әкімшілік-аумақтық өзгерістерге ұшырады. XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың ортасында бұл аумақ Орал және Ақтөбе уездерінің, кейін Темір, Ырғыз және Шалқар аудандарының құрамында болды. Сонымен қатар әр кезеңде Ембі, Жұрын және Қандыағаш өндірістік аудандарының құрамына кірді. ХХ ғасырдың алғашқы жылдарында солтүстік пен оңтүстіктің жолын жақындатқан теміржол бекетінен бастау алған Қандыағаштың бүгінде облыс аймағында өзіндік алар орны мен өркендеп дамыған инфрақұрылымы қалыптасып үлгерді. Өткен ғасырдың 60-шы жылдары Қандыағаш бекеті әлеуметтік салада тек қана 2 орта мектебі мен 1 ауруханасы, 1 мәдениет үйі бар 5-6 мыңдай ғана тұрғын қоныстанған, теміржол саласына қызмет ететін елді мекен болды. Қандыағаш қаласының дамуы «Шилісай» фосфор фабрикасы мен «Жаңажол» мұнай кенінің игеруімен басталады. Қандыағаш қаласы қала мәртебесін алғаннан бергі уақытта бірнеше өрлеу сатысынан өтті. Үлкен өндіріс орындарының қарқынды дамуы барысында қалада көппәтерлі тұрғын үйлер салынып, қала іші жолдары төселді. Қаланың «Финляндия», «Қазақ ауыл», «Финский», «Достық», «Жастық», «Болашақ», «Жаңақоныс» (Нұрлы көш) атты шағын аудандары бар. Қаладағы 70-80 жылдары Шилісай кен орны құрылысына байланысты салынған көпқабатты үйлердің саны кейіннен мұнай кенін игеру кезеңінде қарыштап өсті.
Әкімшілік тарихы

1962 жылғы 12 желтоқсанда негізін Қандыағаш теміржол станциясы құраған Қандыағаш өндірістік ауданы құрылды. 1965 жылы өндірістік аудан таратылды. 1965 жылғы 31 қаңтарда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен Темір ауданы Қандыағаш ауданы болып қайта аталды. 1966 жылғы 4 ақпанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Ақтөбе облысының құрамында Мұғалжар ауданы құрылды. Аудан орталығы болып Ембі қалалық поселкесі белгіленді. 1967 жылы Ембі поселкесіне қала мәртебесі берілді. 1967 жылғы 11 қаңтарда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Қандыағаш қалалық типтегі кентіне облыстық бағыныстағы қала мәртебесі берілді. Сол жылы қала Октябрьск деп қайта аталды. Бұл атау Октябрь революциясының 50 жылдығына байланысты берілді. Қандыағаш ауданы да Октябрьск ауданы болып өзгертілді. 1976 жылы Қандыағаш маңынан фосфор кенінің табылуына байланысты Шилісай фосфор фабрикасы ашылды. 1977 жылы Қандыағаш қаласының жанынан қалашық салу үшін Бүкілодақтық комсомол жастарына Үндеу жарияланды. Соның негізінде «Фосфорит-78» жастар құрылыс бригадасы құрылып Одақтың түкпір-түкпірінен жастар келіп, «Жастық», «Достық», «Самал» шағын аудандарын салуға үлес қосты. 1997 жылы Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылымына енгізілген өзгерістерге байланысты Октябрьск ауданы Мұғалжар ауданы болып қайта аталды. Аудан орталығы болған Октябрьск қаласына тарихи Қандыағаш атауы қайтарылды. Осы кезеңде бұрынғы Мұғалжар ауданы таратылып, оның аумағы жаңадан ұйымдастырылған Мұғалжар ауданының құрамына енгізілді. 2006 жылдан бастап қала маңынан «Болашақ» шағын ауданы және «Самал-1,2,3» т. б. мөлтек аудандары бой көтерді. Сондай-ақ, қалада 2017 жылы «Жаңақоныс» (Нұрлы көш) шағын ауданы мен орталық саябақтар пайда болды. Қазіргі уақытта қала қарқынды дамып, көркейіп келеді. Шағын кәсіпкерлік өсіп, кәсіпкерлік нысандар көбеюде.
Қала мәртебесі
Қандыағаштың қала мәртебесін алу тарихында 1967 жыл маңызды кезең болып табылады. Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласы әкімінің 2002 жылғы 21 қазандағы №441 шешіміне сәйкес, қаланың қала мәртебесін алғанына 35 жыл толуына байланысты мерейтойлық іс-шаралар өткізілді. Ал Мұғалжар ауданы әкімінің 2017 жылғы 17 қаңтардағы №6 өкіміне сәйкес Қандыағаш қаласының 50 жылдығы ресми түрде аталып өтті. Мерейтой аясында мәдени-көпшілік және қоғамдық іс-шаралар ұйымдастырылып, тарихи-танымдық еңбектер жарық көрді. Осылайша, Қандыағаш тарихын өзара сабақтас екі негізгі кезеңге бөліп қарастыруға болады: елді мекеннің қалыптасуының тарихи бастауы 1905-1907 жылдардағы теміржол станциясының пайда болуымен, ал қалалық мәртебе алуы 1967 жылмен байланысты. 1997 жылы қалаға тарихи Қандыағаш атауы қайтарылды. Қазіргі уақытта Қандыағаш–Мұғалжар ауданының әкімшілік орталығы. Қаланың даму тарихы теміржол бойындағы шағын станциядан ірі елді мекенге, кейін қалаға айналу үдерісімен байланысты. Оның қалыптасуы мен дамуы өңірдегі көлік қатынасының, өндірістің және әлеуметтік инфрақұрылымның дамуымен сабақтас.
Қала көрінісі
Тағы қараңыз
Қандыағаш ұрысы
Дереккөздер
Әдебиет
Ақтөбе облысы. Мұғалжар ауданы: энциклопедия. – Алматы: «Полиграфкомбинат» ЖШС, 2011. ISBN 978-601-061340-9</ref>