Алаша хан
Bu makalenin seçtiğin dilde çevirisi yok — ana dildeki sürüm gösteriliyor.
Алаш хан — қазақ халқының XVI ғ. билік құрған билеушісі ретінде көрсетіледі. Шын есімі - Орыс хан. Көк түрік халықтарында құрметті хандардың есімімен өздерін атау дәстүрі бар. Мысалға, Өзбек хан, Ноғай аттарымен аталған өзбек, ноғай халықтары. Қазақтарда Орыс ханның құрметіне өздерін алаш халқы деп атаған. Ал қазақ атауын Керей мен Жәнібек қазақтық (өз билеушісінен кетіп еркін өмір сүру) жасағаннан кейін көрші халықтар берген. Ғалымдар ортасында Алаша ханның шығу тегі жайлы жайлы бірнеше пікір қалыптасқан. Радик Темірғалиевтің пікірінше Алаш хан деп Керей мен Жәнібек хандардың арғы атасы Орыс ханды атаған. И.В. Ерофеева Алаша ханды қазақтың атақты билеушісі Хақназар ханмен байланыстырады. Ол Алаша ханға қатысты деректерді 3 үлкен топқа бөлген. Бірінші топқа шынайы тарихи оқиғаларға жақын деректерді, екіншісіне - тарихи оқиғалармен қатар ұштасқан аңыздарды, ал үшіншісіне, негізінен, мифологияға қатысты мәліметтерді жатқызған.
Жалпы шолу
Жиналған деректерді топтастыру
Алаша ханның Ноғай Ордасымен қарым-қатынасы
Алаша ханның таққа отыру алдындағы өмірін халық арасында тараған аңыздар арқылы анықтауға болады. Олар да жазба деректер сияқты Алаша ханмен қатар өмір сүрген тұлғаларды, жер-су аттарын және т.б. қамтуы мүмкін. Алаша ханның жас кезі Ноғай Ордасымен тығыз байланысты. Ноғай Ордасы деп XV-XVI ғғ. Еділдің төменгі ағысын, Батыс және Орталық Қазақстанның бір бөлігінде орналасқан көрпенділер мемлекетін айтамыз. Өзінің шарықтау шегінен кейін Ноғай Ордасы ыдырай бастайды. Оның шығысындағы көшпенділер қазақтарға қосылып кетті. Екі көршілес халықтың арасындағы тығыз байланыс Кіші жүз қазақтарында сақталған аңыз-әңгімелеріне өз әсерін тигізді. Мәскеу патшалығының Қазан хандығын жаулап алмаған кезінде (XVI ғ. ортасына дейін), Ноғай Ордасындағы билік формальды түрде Шыңғыс ұрпақтарының қолында болды (қазан, қырым хандарының жері ретінде саналған). Алайда, мемлекеттегі нақты билікті ноғай мырзалары жүргізген. XVI ғ. 2-ші жартысында ноғай мырзалары билікті қуыршақ хандарсыз жүргізгендіктен, көршілес мемлекеттерде "маңғыт жұрты" деген атауға ие болды. Левшин А.И. 1820-1822 жж. Орал тауларының маңайындағы қазақтардан өте маңызды, әрі ақпараты мол аңызды жазып алған. Аңызда қазақ жүздерінің түп атасы Ақнияз Әмір Темірден кейін өмір сүрген Өлеңті есімді ноғай ханының қолбасшысы болыпты. Уақыт өте келе Ақнияз Өлеңтіге бағынбай, жеке-дара билеушіге айналып, ноғай ханы ұрпақтарының жерін тартып алып, бірнеше түркітілдес халықтар мен моңғолдардың (ойрат тайпалары) бір бөлігін өзіне бағындырған. XIX ғ. ортасында ресейлік тарихшы В.В. Вельяминов-Зернов аңыздағы Ақнияздың Хақназар хан, ал Өлеңтінің Ноғай Ордасының XVI . 30-50 жж. билеушісі Шейх-Мамай екендігін дәлелдеген. XVIII ғ. ортасында П.И.Рычков Орал башқұрттарының старшыны болған Қ.Молақаевтан Ноғай Ордасының құрамындағы башқұрт жерлерін Ақнияз (Ақизияр) сұлтан биледі деген ақпаратты жазып алды. Кейінгі тарихшылардың айтуынша, Ақназар жас кезінде Шейх-Мамайдың сарайында өсіпті. В.В. Трепавлов қазақ және башқұрт жерлерінде жазып алынған аңыздарды жазба деректермен салыстыра отырып, Қасым ханның ұлы Хақназардың жас кезін Ноғай Ордасында өткізгенін растайды. Хақназардың туған қарындасына үйленген Шейх-Мамай, 1522 ж. сұлтанды башқұрт тайпаларының билеушісі ретінде тағайындайды. Башқұрт жерінде Хақназар 16 жыл өткізеді. 1538 ж. Шейх-Мамай Қазақ хандығын талқандап, қазақ тағына Хақназарды отырғызады.
Алаша ханның Бұхар хандығымен қарым-қатынасы
Халық аңыздарын топтастыра отырып, екінші топқа Алаша ханның тәуелсіз билеушіге айналып, қазақтардың батыс пен оңтүстіктегі көршілерімен болған қарым-қатынастарына тоқталған жөн. И.П. Шангиннің 1816 жылғы және Н.И. Красовскийдің жарты ғасырдан кейінгі жазып алған деректерінде Алаша хан мен Бұхар хандығының билеушісі Абдаллах ІІ саяси қарым-қатынасы сипатталған. Ол заманда Бұхара көршілеріне өз жеріндегі байлығымен танымал болды. Бірақ, Алаша ханның Бұхар хандығына тікелей соғыс жариялайтын мүмкіндігі болмады. Оның қол астындағы халық еркіндік, бағынбау қасиеттерін әлі де жоғалтпаған еді. Оған қоса Алаша хан Бұхараның басқа көршілес мемлекеттің билеушілерімен одақтасуынан қауіптенді. Алаша хан оңтүстіктегі көршілерін тұтқиылдан шабуылдамақшы болады. Алайда, Бұхараға күтпеген жерден басып кірген Алаша ханның жоспары іске аспады. Шангиннің қолжазбасында Бұхар хандығы билеушісінің аты аталмаса да, тарихи деректерден оның Абдаллах II екендігі айқын байқалады. Ол Шейбанид мемлекетінің астанасын 1557 ж. Самарқанд қаласынан Бұхараға көшіріп, оны 1560-1583 жж. билеген. Орталық Азия халықтары мен қазақтар лексикасында "Бұхар хандығы" атауы дәл сол уақытта пайда болды. Шангиннің қолжазбасына Красовскийдің жетіру (тама) және найман (бағаналы) руларынан жазып алған аңыздарына дәйекті. Красовскийдің жазбасында Алаша ханның моңғолдарды (ойрат тайпаларын) талқандап, қазақ жерін кеңейтіп, бұхар ханымен теке-тіресіне алып келді. Бұхар хандығына жорығы кезінде Алаша хан өзімен бірге аттанған ең батыл 300 адамымен тұтқынға түседі. Шангин мен Красовскийдің жазбалары XVI ғғ. 70 жж. болған Қазақ хандығының билеушісі Хақназар ханның Шейбанидтермен Ташкент қаласы және Түркістан өлкесі үшін болған тартысын баяндайды. Өз мақсатына жету үшін Хақназар хан Ташкент билеушісі Баба сұлтан мен Абдаллахтың арасындағы қарама-қайшылықтарды пайдалануды көздеді.
Алаша-шапан хан
Халық арасында сақталған аңыздарды зерттей келе, Хақназар ханның не себепті дәл осы (Алаша хан) лақап атқа ие болғаны туралы сұрақ туындайды. Аңыздардың бір бөлігінде болашақ ханның белгісіз дақтармен туғанын мәлімдейді. Келесі аңыздар оны алаша киізге орап, хан көтерген дейді. Алаш қозғалысының көрнекті өкілі, интеллигент, халық ауыз әдебиетін жинаушы О. Әлжановтың Орта жүз қазақтарының шығысында жинаған аңыздарында Алаша ханның не себепті "алаша" деген лақап атқа ие болуының себебі анықталған. XVI ғ. дейін қазақ жерінде шапандар, негізінен, біртүсті, кейде гүлдермен және басқа да өрнектермен безендірілген. Кейін Бұхарада Ираннан алашадан жасалған, жолақты шапандар сатыла бастайды. Бұл шапандардың бағасы тым жоғары болғандықтан, жекелеген адамдарда ғана кездесетін. Әлжановтың пікірінше, осындай шапанды Бұхар хандығының билеушісі Абдаллах II қазақтың ханына сыйлаған. Бұрын соңды қазақ даласында кездеспеген осындай шапан жұртты таңғалдырады. Сондықтан халық өз ханын "Алаша шапан хан" деп атай бастайды.
Алача (Олоча) хан
Тарихта "Алаша (Алача)" деген лақап атқа ие болған тағы бір хан кездеседі. Оның шын есімі - Сұлтан Ахмад хан I. Ол Моғолстанның орталығы мен шығысында билік құрған (1485 - 1504 жж.) Шағатай әулетінің өкілі. Ойраттармен болған қақтығыстарда асқан қатыгездік көрсетіп, ойраттарды үлкен адам шығынына ұшыратқан. Сол себепті "Алача, Олоча" деген лақап атымен тарихта қалған. Бірақ Ұлытаудағы кесененің Сұлтан Ахмад ханға тиесілі болуы екіталай. Себебі, XV ғ. аяғы мен XVI ғ. басында қазіргі Қарағанды облысындағы Ұлытау ауданы Моғостан хандарының қол астында болмаған.
Алаша хан кесенесі
Ұлытау облысы, Ұлытау ауданында “Алаша хан ордасы” аталатын үлкен сарай-қамалдың қалдығы (Жаңғабыл өзенінің бойында) және Малшыбай ауылынан 2 шақырым жерде Қаракеңгір өзенінің жағасындағы “Алаша хан кесенесі” аталатын XVI ғасырда салынған ғимарат әлі күнге дейін сақталған.