Shejire

Абай ескерткіші

HistoryUpdated: 9/15/2026

Bu makalenin seçtiğin dilde çevirisi yok — ana dildeki sürüm gösteriliyor.

Абай Құнанбаев ескерткіші – Алматы қаласындағы республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің қатарындағы монументтік өнер құрылысы түріне жататын ескерткіштердің бірі.

Орналасқан жері

Алматы қаласы, Достық даңғылы, Абай алаңы. Ескерткіш Алматының өзіндік визит карточкасы болып табылады. Қалада ескерткіштердің көптігіне қарамастан, бұл ескерткіш – ең танымал және сүйіктісі.

Орнатылған кезеңі және авторы

Ескерткіш 1960–1961 жылдары орнатылған. Сәулетші – И.И. Белоцерковский, мүсінші – Х. Наурызбаев.

Тарихи дерек

1938 жылы ҚазКСР Үкіметі үш атақты тұлға – А. Иманов, Абай және В. Чапаевтың ексерткіштеріне конкурс жариялады. Мәскеуде Абай ескерткішінің ең үздік жобасына жарыс жарияланды, оған ең атақты және дарынды шеберлер қатысты. Ең қатал іріктеуден өткен 16 конкурстық жұмыстар арасында ең шығармашыл деп танылғаны Абайды тыныш, сабырлы және салмақты күйінде бейнелеген болатын. Сол кезде Мәдениет сарайының (кейін оның орнына В.И. Ленин атындағы Мәдениет сарайы тұрғызылды) алдында отырғызылған саябақ ағаштарының жасылы арасында тұруы үшін ескерткіш тұғыры төмен етіп ойластырылған. Бірақ бұл жоба сол күйі іске аспады. 1960 жылы елдің барлық аумақтарынан жиналған мүсіншілер арасында басымдылық қазақстандық ісмер Х. Наурызбаев – отандық пластикалық өнердің хас шеберіне берілді. Ол қазақтың ұлы ақыны, ойшылы және ұлттық жазба әдебиетінің негізін қалаушы тұлғаның жалғыз дұрыс, терең ойлы бейнесін таба білді.

Ескерткіш сипаты

Ескерткіштің биктігі 14 м-ге жетеді. Алдыға қадам басып келе жатқан Абайдың мүсіні қызыл граниттен жасалған трапеция тәріздес алып тұғырға орнатылған. Бір қолымен кітап, екіншісімен иығына жамылған шапанын ұстап тұр. Бұл дене тұрысы ұлы ақынның игі бекзаттығы мен ол сенімді алға жылжып келе жатқандай сезімін тудырады. Абайдың бет-әлпеті байсалды, ойға шомған. Х. Наурызбаев Абайдың бұл кейпін бірден жасай қойған жоқ, мүсінші талай рет ақынның туған жерінде болып, үлкен ізденіс жұмыстарын жүргізген. Автордың айтуынша, көптеген сәтсіз талпыныстардан кейін түсінде дәл осы бейнені көрген. Бұл оны өзіндік бір аян мен бата ретінде санаған. И.И. Белоцерковскийдің сәулет дизайнымен бірге Х. Наурызбаевтың монументі қазақстандық өнердің тарихына енді. Ескерткіштің алдынан басталып, батысқа қарай ұзыннан-ұзақ созылып жатқан әсем көше - Абай даңғылы ақынның поэзияда салған ұлы сүрлеуі іспеттес. Абай ескерткішіне қазақ және басқа ұлт ақындары (Қ. Мырзалиев, С. Сейітов, С. Хангелдин, Ө. Жайлауов, Ш. Садыханов, Н. Жарқынбаев, Т. Жұмамұратов, Г. Некрасов, М. Оспанов т. б.) өлең-жыр арнаған.

Дереккөздер

Key facts

Түрі
монументтік өнер құрылысы
Биіктігі
14 м
Орналасуы
Алматы қаласы
Жоба авторы
Сәулетші – И.И. Белоцерковский, мүсінші – Х. Наурызбаев.
Құрылыс материалы
гранит